Жыраулық пен ақындық поэзияның қалыптасу жолдары
Жырау – ақпа-төкпе импровизатор, өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы. Жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді, көкейкесті мәселелер турасында толғанған. Халық қайғырғанда демеп, қуанғанда қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі – жырауларды өзгелерге қарағанда аса қадір тұтқан.
XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген жыраулар мен ақындардың көпшілігі сарай маңында көрінеді. Мұндай сипатты Шығыс, Орта Азия елдерінің ақындары өмірінен де байқаймыз. XVII ғасырда патша сарайында ертекші, әңгімешілер ұстаған. Сөзі өтімді, халыққа беделді мұндай адамдарды ел билеушілер тірек етпеуі, өз маңында ұстамауы мүмкін емес еді.
Жыраулар әлеуметтік мәні зор, ірі, келелі мәселелерді жырласа, ақындар өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарды. Бұл сипаттар Тәтіқара, Көтеш, Шал шығармаларынан, XIX ғасырдағы ақындар мұрасынан айқын аңғарылады.
Халқымыздың поэзиялық мұрасын атадан балаға ұластырып, айтып жеткізушілер – жыраулар мен ақындар. Ол мұралар ішінде жыраулар мен ақындардың төл шығармалары да, оларға әріден жеткен бағзы жырлар да, сол дәуірде туған эпостық туындылар да болуы мүмкін. Жыраулар мен ақындар жырларды тудыра отырып, өзі де қадір тұтқан поэзиялық мұраларды жырлап, таратып отырған. Бұл дәстүр қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай т.б. халықтарда күні бүгінге дейін сақталып, дами түсті.
XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар мен ақындар елдік, ерлік, өмір, дін, заман хақында толғанған. Олар шығыс поэзиясы дәстүрімен өмірдің өтпелілігін жырлап, ізгілік пен инабатты дәріптеген. Заманының ойлы перзенті ретінде өмірдің сан алуан мәселелерін сарапқа салып, гуманистік тұрғыда философиялық-дидактикалық түйін-тұжырымдар жасап, жер-суды, атамекенді қорғау, ел бірлігін сақтау мәселелерін жырлаған.
Ақын, жыраулар мұрасында сол дәуірдегі талай тайпалар басынан өткен тарих іздері сайрап жатыр. Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары тарихи тұрғыда нақты, дәлдікпен көріне қоймаса да, жыраулар мен ақындардың өз басы жағдайлары, жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы һәм ішкі бейнесінің кейбір көріністері, сол замандағы бірқатар оқиғалар хақындағы деректер анық байқалады. Мысалы, Асан қайғы жырламаса Жәнібек хан, Шалкиіз жырламаса Темір, Әзике, Мансұр билер, Махамбет жырламаса Жәңгір хан поэзия жолдарында қалмас еді. Мысалы, Тәтіқараның «Кеше тоқыраулы судың бойынан», Бұқардың «Ал, тілімді алмасаң» толғауларынан Абылай өмірінің кейбір деректерін, Үмбетейдің «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуінен» қалмақ пен қазақ арасындағы шайқас көріністерін тани аламыз.
Ақын, жыраулар хан қасында болып, оның мәртебесі мен мерейін асыруға қаншама қызмет еткенмен, өмір шындығын жырлаудан ауытқи алмаған, реті келгенде хан мен бектің ұнамсыз қылық, ыңғайсыз істерін де ашық айтып, батыл әшкерелеп отырған. Замана шындығын, дәуір сырын бейнелеген жолдар ақын, жыраулар мұрасында аз емес. Мұндай реалистік элементтер «Қырында киік жайлаған», «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» сияқты Асан толғауларында, «Би Темірге айтқаны», Ақтамберді, Бұқар, Шалкиіз т.б. ақын, жыраулар мұраларында да мол.
Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүр
Қазақ
поэзиясындағы жыраулық дәстүр Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы
жыраулар болған. Жыраулар – халық поэзиясын
жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының
өздері куә болған елеулі уақиғаларын,
тарихи кезеңдерді жырға қосқан… Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет
халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды.
Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан
бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан
Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған
кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел
шетіне жау келғен кездерде ақыл, кеңес
сұрайтын болған.
Мұндай кезде жырау жұртшылықты
абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат
беріп (дем беріп), істің немен тынатыны
жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар
поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. Жырау деген атау “жыр” сөзінен шыққан.
Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа
білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды
таныған.
Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл,
өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының
негізгі тақырыптары – туған жерді, елді
сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру,
адамгершілік қасиетті насихаттау. Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері
осы тарауда ұсынылып отыр.
Соларды оқып-үйрену
барысында халқымыздың атадан мирас болып
қалған сөз маржандарына қанығасыңдар,
халқымыздың басынан кешірген тарихи
кезеңдермен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін
білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық
терең ой дүниесіне енесіңдер.
Әдебиет
тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне
көз жеткізесіңдер. Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы.
Жыраулар поэзиясының құндылығы неде?
“Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің,
– дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін
әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың
ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан.
Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген
жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана
сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін
қарап, келешек заман не айтарын болжайды:
сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен
сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды
қылып айтып бермейді.
Әдейі көмескілеу
жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз
айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің
жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет
есебінде айтылады”. Ғалымның осы ғұламалық
пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік
мәні терең ашылған.
Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына
әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған.
Ол “Ескі ақындық” деген өлеңінде
халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар
поэзиясын аса жоғары бағалаған: Тақпақ пен мақал тағы артық, Суырып салма жағы артық, Айтады олар ойланбай, Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландай.
Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында “терең
сыр” барын таниды. Олардың жырында
“қыран құстың ұшқаны”, “ақбөкеннің
жүрісі”, “жайдақ желдің желісі”,
“мөлдір қудың аққаны”, “жел жетпейтін
құландар жүйріктігі”, “адам жанының
жайма шуақ кезеңі” – бар-баршасы, көшпелі
қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани
тіршілігі бейнеленген деп керемет ой
түйген.
Жыраулар поэзиясын айтулы сөз
зергері Мағжан Жұмабаев та “Батыр Баян”
поэмасында: Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр, – деп аса қадірлеген. Демек, жыраулар поэзиясы
– халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер
өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген,
өшпес, өлмес мұрамыз.
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген
тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын,
кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана
бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін,
ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі
тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясы соны философиялық
терең ойға толы.
Олардың поэзиясы өсиетнама
түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар
поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары
мол. Жыраулардың өз толғауларында көтерген
негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының
өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген
сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі.
Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген
Асан қайғының: “Желмая мініп жер шалсам,
тапқан жерге ел көшер” – деген ақылгөй
сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек
сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да “қайран
менің Еділім” – деп еңіреп өткен. “Еділдің
бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап”
– деп Доспамбет жырау армандаған, “ауылдан
топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май
жемесе қонағым… он кісіге жараса, бір
кісіге асқан тамағым”, – деп Ақтамберді
жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт,
тыныштық өмірді қалаған.
Жыраулар поэзиясы
еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол
еліне жалынды жырларын арнаған, халқын
сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек
болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы
үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін,
жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық
батырларының ерліктерін жырлаған.
Мысалы,
Тәтіқара ақын: Бөкейді айт, Сағыр менен Дулаттағы, Деріпсәлі, Мандайды айт Қыпшақтағы. Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы. Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт, Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт, Найзасының ұшына жау мінгізген Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт, – деп
дәріптеген.
Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік,
ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен. Олар өмір диалектикасына да терең көз
жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын
(“мынау жалған дүние кімдерден кейін
қалмаған” – Шалкиіз), үнемі өзгерісте
болатынын дұрыс пайымдаған.
Жыраулар
поэзиясында адамгершілік этика, мораль
мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі
жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық. Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік,
адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік
сапасымен де құнды.
Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге,
дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған
өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз
қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз
поэзиясында терең философиялық ойды
бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын
сол мақсатқа орай алған.
Оған бірнеше
мысал келтірейік: Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер. Жатып қалған бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер. (Қазтуған) Жырау “ж” дыбысын тамаша сөйлете
білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана
отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын
күшейткен.
Шын көркемдік тәсіл арқылы
олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне
ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей
түскен. Мысалы, Жиембет жырау: Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл менің кеңесім, Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, – деп тәж-тағына есірген Есім ханның қылығын
ашу үшін “е” дыбысынан өрнек жасап
сөйлеткен.
Ақтамберді жырау сұрай арнау сияқты көркемдік
тәсілді ұтымды пайдаланған. Оның “Күмбір-күмбір
кісінетіп” толғауынан: Күмбір-күмбір кісінетіп , Күреңді мінер ме екенбіз… Күдеріден бау тағып, Кіреуке тон киер ме екенбіз?!
Төтелеп жүріп жол салып, Қолды бір бастар ма екенбіз?! – деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік
қуатын күшейткен, әрі “к” дыбысын
қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің
саздылығын үдеткен. Жыраулар психологиялық
синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен
қолданған. Мысалы:
Уа, қарт Бөгембай! Құяр жалын аспаннан Қара бұлт торласа, Пәлекет елде көбейер Жігітті жігіт қорласа. Ақбөкен келіп жығылар, Алдын қазып орласа, Пеңденің бағы ашылмас, Маңдайы қалың сорласа… – (Ақтамберді)
– деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра,
салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын
терендеткен, әсерлі еткен.
Мұнан жыраулар
поэзиясының көркемдік сапасын айқын
аңғаруға болады. Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел
басына қиын қатер төнген шақта, екіталай
кезеңде – XVIII ғ. бірінші жартысында жаңа,
соны ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен
әрі қарай дамытқан Бұқар жырау.
Оның жыр-толғаулары
– сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі. XVIII ғ. әдебиетінен соның ірі өкілі Бұқар
жырау поэзиясы монографиялық түрде арнайы
өтіледі. Асан қайғы (XV ғасыр) Енді XV-XVIII ғғ. елдің әлеуметтік тіршілігі,
халық тағдыры, арман-мұраты жеке жыраулар
поэзиясында қалай көркемдік шешімін
тапқан екен, соған тоқталып көрелік.
Асан
– өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың
өзі айтқандай, онан қалған “таза мінсіз
асыл сөз” аз болмаса керек, бірақ олардың
бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның
қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері,
терең ойшыл ақын екенін танимыз.
Асан
атына “қайғы” деген сөз қосылуы да
көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның
желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс,
шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық
қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын
армандаған. Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт
тіршілік.
Бірақ, ол кезде жаугершілік,
басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс
жиі болып тұрған. Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске
ұшыратқан. Жырау халық басына төнген
осы ауыртпалықты көре білген. Асан қайғы “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің”
деген Жәнібек ханға айтқан толғауында
“шабылып жатқан халқың бар, аймағын
көздеп көрмейсің” – деп күйзелген
халқының қамын ойлау орнына “қымыз
ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен
басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне,
мансабына масаттанған” ханға батыл
үн қатады.
Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ,
парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген.
Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға
жырау “Ойыл көздің жасы еді… Ойылдан
елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен
де елді көшірдің… Еділ деген қиянға,
еңкейіп келдің тар жерге”, – деп нали
тіл қатады.
Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына
терең көз жібереді, қабырғасы қайыса
жыр төгеді, болжам жасайды. Жырау ханға: Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, – деп ақыл-кеңес береді. Онан әрі ханға:
Аңдып жүрген көп дұшпан, Өз басына келеді. Елге жау боп келеді. Құлың кеп сені өлтірер. Құладан қуды өлтірсе, Осыны Асан біледі,
– деп, жырау халық көтерілсе, хан басына
ауыр күн туарын ескертеді.
Ақылгөй жырау “ата жұрты – бұқара”
күшін жоғары бағалайды. “Еділ бол да,
Жайық бол, ешкімменен ұрыспа” – деп,
елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда
ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері
мол. Ол өз тұсындағыларға да, келешек
ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған.
Жырау:
Ашу – дұшпан, артынан Түсіп кетсең қайтесің. Түбі терең қуысқа, – деп шалдуарлық теріс мінездерден сақтандырады.
Сол сияқты “Ердің құны болса да, қол
қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер,
бұрынғыны қуыспа”, – деп, қайырымдылық,
ерлік істерге жетектейді.
Асан қайғының: Арғымаққа міндім деп, Достарыңмен санаспа! Артқы топтан адаспа! Ғылымым жұрттан
асты деп, Күніңде өзім болдым деп, Кеңессіз сөз
бастама! Кең пейілге таласпа! Жеңемін деп біреуді Артық үшін айтысып, Өтірік сөзбен қостама!
– деген жолдарындағы өмір тәжірибесінен
түйген парасатты толғам-танымы, философиялық
терең ойлары бүгінгілерге де үлгі-өнеге.
“Көлде жүрген қоңыр қаз” толғауындағы
ғибратнамалық ойлары да тереңділігімен,
парасаттылығымен таңдандырады. Асан жырлары тек өзінің мазмұнымен ғана
емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау
поэзиясы толғау түрінде келеді. Ол өз
жырларында синтаксистік параллелизмді
шебер қолданған. Таза, мінсіз, асыл тас, Су түбінде жатады.
Таза, мінсіз, асыл сөз, Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады, – деген жолдардан мұны айқын аңғаруға болады.
Жырау бұл тәсілді тек көркемдік үшін
ғана қолданбаған, сол арқылы терең ой
түйіндеген, сөз өнерінің қадірін білдірген,
сөз жалаң дүние емес, адам жанының ішкі
толғанысының, жан сырының көрінісі екенін
тамаша өрнектеген.
Ақын поэзиясы дыбыс
үндестігіне құрылған. Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойыңды… Елбең-елбең жүгірген Ебелек отқа семірген Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген… – деген жолдарда жырау өз ойын айтып беру
үшін көркемдік тәсілді ұтымды қолданған.
Мұндай өрнекті “Қырында киік жайлаған”
өлеңінен де кездестіреміз. Қазтуған Сүйінішұлы Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен 15 ғасырда
өмір сүрген) – жырау, жорық жыршысы, қазақ
эпосын жасаушылардың бірі. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс
туралы, атамекен, туған ел жайлы және
әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан
құралған мол мұра қалған.
Бірақ жырларының
көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан
қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі»,
«Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік
көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана
бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ
Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан
орын алуына негіз бола алды.
Қиялының
ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің
байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда
қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде
әрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады.
Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға
суарылған, афористік толғаныс, көркем
тіркестерге бай Қазтуған жырлары әлденеше
ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі,
өнеге мектебі болған.
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі» толғауында
әрі жырау, әрі батырға тән өз портретін
өзі жасап, ұтымды да дәл метафоралық салыстырулар
арқылы әсем көмкерген. Ал, «Алаң да алаң,
алаң жұртта» халықтың туған мекен – Еділін
тастап, шу бойында алғаш хандық құрып,
қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін
меңзейді.
Қазтуғанның туған жер, өскен
елге деген махаббаты да кіршіксіз әрі
шексіз. Ол «Кіндік кесіп, кір жуған» ата
қоныс – Еділдің дарқан байлығы мен шексіз
де шетсіз қуатты мекен екенін сипаттау
арқылы өз сүйіспендігін жайып салады.
«Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой
болған жерді» суреттегенде, оның елге
қорған, мықты тірек болғанын да ұмытпайды.
«Белгілі биік биік көк сеңгір» жырынан
жауынгер-жыраудың өмір жайлы тыныс-түсінігі
айқын аңғарылады. Бұл аталған жырлар
қазақ әдебиетінде өзінің мазмұны мен
көркемдік сипаттары жағынан ғана емес,
сыртқы түзілім-құрылыс тұрғысынан да
ерекше дараланады.
Қазтуған жырлары алғаш
рет Ғ.Мұштақтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының
басты жырлары» деген кітабында басылған.
Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары»,
«Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы»,
«Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда
жарық көрген.
Сүйінішұлы Қазтуған – өз заманының әрі
батыры, әрі ақыны, әрі күйші, әрі шешені
болған. Сегіз қырлы бір сырлы. Мұның бәрі
өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп
тұр: « Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы оққа кірісті, Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы, Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі, Буыршының бұта шайнар азуы, Бидайдықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып өтіп дінді ашқан- Сүйінішұлы Қазтуған!!!
» Алтын Орданың шаңырағы құлап, Еуразияның
Ұлы Даласын көктей көшкен көшпелілер
басынан құсы ұшқан кезде сұңқылдап тұрып
жоқтау айтқан әйгілі тұлғалардың бірі
Сүйінішұлы Қазтуған жырау өткенін қимай,
бүгініне риза болмай,болашағына секеммен
қарап өткен жырау.
Өткенің қимайтыны,
Шыңғыс ханның шаңды жорығынан кейін бірер
ғасырдың аяасында түркі тайпалары қайтадан
есжиып, еңсе көтеріп, қайтадан тұтастанудың
нышанын танытып, алтын үзікті Орданың
айбары алыс жақынға мойын бұрғыза бастап
еді. Шалкиіз Тіленшіұлы Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау,
орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының
көрнекті өкілі.
Жыраудың әкесі, сахара феодалдарының
бірі болса, шешесі Кіші жүздің ұйтқысы
болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда
аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы
еді. Ол үш айлығында анасынан айрылып,
нағашыларының қолында тәрбиеленді. Шалкиіз
жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты
жырау ретінде даңққа бөленді.
Жігіттік
шағы Ноғай Ордасындағы Мұса бидің маңайында
өтті. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі
Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп
бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін
қазақ ханы Хақназар маңында өткізді. Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге
көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен
ерекшеленеді.
Оның «Асқар, асқар, асқар
тау…», «Қоғалы көлдер…», «Арғымақ ару
аттар…», «Ор, ор қоян, ор қоян…», т.б. шығармаларында
орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің
өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық
түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан
байтақ озбасы…
», «Жапырағы жасыл жаутерек»,
«Ер шобан», т.б. жырлары ерлік рухқа, асқақ
романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына
ең көп тараған шығармалары – «Би Темірге
айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан
тоқтатуға айтқан» толғаулары. Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін
байытқан ақын.
Оның шығармалары 19 ғасырдан
бері қарай қағаз бетіне түсе бастады.
Қазан төңкерісінен кейін 1875 жылы орыс
және қазақ тілдерінде «Императорлық
орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің
жазбалары» жинағында жарияланды. Кейін
аталған жинақта, «Астараханский вестник»
газетінде, Ы.
Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында»
және басқа да жинақтарда, ал кеңес дәуірінде
«Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан»,
«15-18 ғасырлар қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр
жырлайды» жинақтарында жарық көрді. Сарыұлы Ақтамберді (1675 – 1768)
Сарыұлы Ақтамберді (1675 – 1768) атақты жырау,
қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы
жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі
Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан
жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары
да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің
шындығы бар.
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде
өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген
қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде
құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай
аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке»
деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ
қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.
Жыраудың ақындық даңқымен балуандық,
батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия
хандықтарымен, қалмақтармен арадағы
ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке
басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық
қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар
санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан
шұбырындының» куәгері болады.
Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы
ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың
және жеңісті жорықтарға дем берушілердің
бірі ретінде танылады. Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы
бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған
кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды
ата мекеніне біржола орнықтыру жолында
Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады.
Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ
болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді. Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық
толғаныстар түрінде болп келеді. Олар
көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат
мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе
мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп»,
«Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес
әйгілі толғауларынан қазақ халқының
мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік
көз қарастары анық аңғарылады.
Мал атаулының,
оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер
өміріндегі орыны жайында өз тұстастары
арасында дәл Ақтанбердідей толғаған
ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің
көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың
жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде
мадақтайды.
Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын
ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру.
Ол жау табанында қалған жерлерді азат
етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп
атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы
беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім
баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны
отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты
ата жаумен айқасқа шақырады.
Ел қорғау
жолында өлген ерде арман жоқ деп білді. Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында
шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың
он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке
толы өмірінің шынайы суреттерін алға
тартады. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке»
дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан
жауынгер жырау санатына жатады.
Тұрмыстың
қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін
жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл,
шешен сөздердің шебері. Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда
ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752
жылдары қазақ-қалмақ арасында болған
қанды қақтығыстардың барлығына дерлік
қатысқан.
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасының
зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес
білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен
түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр,
айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау
болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық,
құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі
халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген
сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік
хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді
талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына
көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен
түсірген. Шығармалары зиялы зергердің
қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген
толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал.
Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды.
Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге
толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа,
қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа»,
«Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің
тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары
батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге
толы.
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп
аталатын толғауы соңғы туындыларының
бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі
бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді.
Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен
қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін
ескертеді.
Халықты алауыз мінездерден
сақтандырады. Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың
«Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан
очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары»,
«Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы»,
«Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
Жиембет жырау Жиембет жырау, Жиембет Бортоғашұлы (16
ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың алғашқы
жартысы) – жырау, әскербасы, қазақ тарихындағы
ел бастаған көсем деңгейіне көтерілген
елеулі тұлғалардың бірі. Кіші жүз құрамындағы байұлы тайпасының
бір руы танадан шыққан Жиембет жырау
өз заманында бүкіл алшынға әмірін жүргізді.
Еңсегей бойлы ер Есім ханның ұлы жорықтарында
асқан ерлік көрсетті. Ол 1620 жылғы ойраттармен
болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып,
қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал етті.
1627 жылы Қазақ хандығы құрамынан бөлініп
шығып, дербес билік құрғысы келген Қатағанның
ханы Тұрсынның бүлігін басқан Есім ханның
қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында
қажырлы қайрат көрсетті.
Кейін Кіші жүзге сөзі өтіп тұрған Жиембет
жыраудың билігінен сескенген Есім хан,
оны інісі Жолымбетпен бірге жер аударып
жіберді. Жиембет жырау ханның қаһарынан
қайтпаған өр кеуделі адам болған сияқты.
Иесіз аралға айдалып бара жатқан Жиембет
жырау:
«Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені
есірткен, Есіл де менің кеңесім»… деп
Есім ханға айбат шеге, ойындағысын тайсалмай
айтып кетеді. Ел аузындағы бір деректерге
қарағанда, Жиембет жырау сол айдауда
жүріп, қайтыс боласа, келесі бір деректерде,
Есім хан дүниеден өткеннен кейін туған
жұртына қайтып оралады.
Бірақ Жиембет
жыраудың Есім хан қайтыс болған 1643 жылдардан
кейінгі ғұмыры белгісіз. Жыраудың бізге жеткен жырларынан оның
өлең сөзге шебер болғаны көрінеді. «Есім
ханға толғау», «Басы саудың түгел-дүр…»,
«Қол аяғым бұғауда», т.б. өлеңдерінде
өз басының көңіл-күйін, арман-мұңын жырлайды.
Жырау шығармаларының тарихи, этнографиялық
мәні де зор. Қалқаманұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668—1781) — қазақтың
ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына
қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы
әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның
ақылшысы.
Шыққан тегі Арғын тайпасының
қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны
«көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі
бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі
екен. Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда
одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген
түсін жорытатын болған.
Ел аузындағы аңыз
әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз
Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді
билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне
араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың:
«Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің
бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың.
Тәукенің
болып жаршысы, халқыңның болып заршысы,
белді бекем байладың» деген сөздері де
айғақтағандай.18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы
қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін
тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан
шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып,
ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру
бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне
арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына
айналады.
Оның сөздері осы кезде еліне
есті кеңес, еріне әмір болып естіледі.
Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын,
шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді.
Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі,
көреген болжаушысы санатына көтерілген
Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта
ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен,
14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен
салыстыруға болардай.
Халық жадында сақталған
бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда
Абылай ханның алыстан күні түні аттан
түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны
айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның
баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас
ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса
керек.
Заманында осылай ханы қадірлеп,
халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен
мәңгі бірге жасай бермек.Бұқар жырау
толғауларында өзі бастан кешіріп отырған
алмағайып заманның келбеті бар болмысымен
көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары,
әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі
кең тыныспен жырланады.
Ондағы басты
сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту
мәселесі.Ол жан жақтан андыздаған жаулардан
қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін
терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп,
тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге
үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы
Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы
Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан
шыққан төрт тірек» деп майдан даласында
көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы
болып, бірліктің тірегі болып жүрген
ерлерді мадақтайды.
Сондықтан да Бұқар
жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып,
ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен
азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы
шақта Абылай хандай басшының төңірегіне
топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің
үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан
қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген
поэзия, ұлы мұра деп білеміз.
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы
тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған
кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы
күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап
бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай
ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы
жауға қарсы күресте біріктіруге, бір
тудың астына топтастыруға күш салған.
Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен
сол жалынды күрестің жыршысына айналған.
Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір
қажетті басшы санап, оған халық бірлігін
сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен
сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан
табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы
үшін жан аямай қызмет еткен.
Жырау сол
азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің
небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан
мен оның батырларын жырға қосып, олардың
өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе,
Абылай ханның көрегендігі мен даналығын,
ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы
бола білгенін асқақ жырлаған.
Оның «Абылай
ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң»,
«Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай»,
«Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен
күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда»,
«Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында
ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен
көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі
сипатталған.
Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең
біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген
жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін
сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай
ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам»
атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті
сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа,
Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған.
Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық
сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде
Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша
рухани адамгершілік қасиеттерін бойына
дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді,
дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан
бір елі қалдырмаған.
Ақыл-ойға кемел «Көмекей
әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты
пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай
мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында
оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық
қарым-қатынастарды реттеуге барынша
ықпал жасаған.
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы,
ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар
баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет
басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі
іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы
ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында
шынайы шыншылдықпен суреттелген.
Әсіресе,
оның толғауларында Ресей империясының
отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық
әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы
заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан
бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп
Күншығысқа қарайды.
Шашын алмай, тарайды,
Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні
жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы
жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды
көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер
қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға
жазар малыңды.
Есен алар пұлыңмен, Солдат
алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай,
Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен
кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе
тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап
жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды
елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен,
мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің,
жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды
илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын,
марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін
баяндаған.
Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін,
ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын
білімпаздықпен саралаған М.Әуезов: «Жырау…
заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ,
түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді.
Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап,
келешек заман не айтатынын болжайды.
Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен
сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау,
салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай,
жағалатқан белгімен келеді… Не айтса
да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы:
не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде
айтылады», – дейді.
Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты
мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау
процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің
буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді.
Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі
ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі
сөйлеу стиліне бағынады.
Тармақтар 7-8
буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау
музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра)
сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының
поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және
оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше «Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай
жүз есе, мың есе шығар.
Бізге келіп жеткен
тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын
деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры,
Аплатонның ақылы керек» – деп жазады жыраудың
тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
Жыраудың шығармаларының текстологиясы
әлі күнге ретке келтірілмеген.
Ең қажетті
таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер
іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс,
түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген.
Бұл – болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын
жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр
Жүсіп Көпеев, Қ.Халид, Г.Потанин, Ш.
Уәлиханов,
М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев,
М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары
еңбек сіңірген. Оңдасұлы Базар жырау Оңдасұлы Базар, Балқы Базар (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында
туған.
Руы — шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан
ел арасында Балқы Базар аталып кеткен.
Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып,
есейгенше нағашысы Өтемістің қолында
тәрбиеленеді. Тоғыз жасында Тәспен би
оны өз қолына алады. Тәспен бидің ауылына
сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі
жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады
екен.
Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне
бірден бір себеп, үлкен мектеп болды.
Базар жырау 15-16 жасында бала жырау атанады.
1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды
шақырып, ұланғайыр той жасап, Базардың
астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан
жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді.
Базар осы кезден бастап Ор төңірегін,
Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа
жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе
кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен
танысып, оларды жаттап, халық арасында
жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде
Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен
мәлім дастандарды («Көрұғылы», «Жүсіп
— Ахмет», т.б.) қазақ тілінде, өзінше жаңадан
жырлап, Сыр бойына таратады.
Сонымен қатар
шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз»,
«Айна — тарақ» дейтін шағын дастандар
да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан
қаласынан тасқа басылып шыққан «Айман
— Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды.
Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс
енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады.
Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық
жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың
сол кездегі шығыс және ислам философиясымен
жақсы таныс болғандығы анық. «Әр кемелге
— бір зауал», «Тіршіліктің түрлері»,
«Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында
ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді,
тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық,
адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен
ой толғайды.
Оның жырлары афоризмге толы,
жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды
өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп,
әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп,
асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен
қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың
да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға
қосып отырады.
Жыраудың жастық шақ, табиғаттың
әр түрлі маусымы, туып-өскен жер, т.б. жайлы
шығарған толғау-термелері де көп. Сараң
байларға, әділетсіз әкімдерге, қиянатшыл
кісілерге арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың
ауыз екі поэзиясындағы арнау-эпиграмма
жанрында шығарылған бірқақпайлары да
жетерлік.
Базар жырау домбыраны өте жақсы
тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке
ортақ әуендерді өз даусына лайықтап,
өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп
қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем,
қисса мен толғауларды орындағанда неше
түрлі құбылып отырады.
Бұдан жыраудың
композиторлық қабілетінің де болғанын
аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе,
қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің
Төремұрат деген оқыған баласына ауызша
айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын
хатқа түсірткен.
Оның бұдан да басқа хатшылары
болған. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен
15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны
сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының
жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз
тұтқан, оның өнегесін ұстанған.
Базар
жыраудың өлеңдері 20 ғасырда ғана баспа
бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен
шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық
көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары»
атты кітаптарға енген. Оның шығармаларына
С.Сейфуллин, М.Жұмабаевтар аса жоғары
баға беріп, Бұхар жырау мен Махамбеттен
кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау
шығармаларын жинастыруда Ә.Диваев, С.Сейфуллин,
Ә.Марғұлан, Ә.Қайнарбаевтар үлкен еңбек
сіңірді.