Жүрек
Жүректің соғысында да біз біле бермейтін құпиялар көп. Айталық, ересек адамның жүрегі күніне 10 мың литрге дейін қан айдап отырады. Жүрек әрбір соққан сайын аортаға 130 миллилитр қан құйылады. Қалыпты жағдайда жүрек бір минутта 60-80 мәрте соғатын болса, бір күндегі оның соғысын өзіңіз-ақ есептей беріңіз.
Ал адам физикалық қозғалысқа түсіп, жүрекке жүк түскен кезде ол минутына 200 мәртеге дейін соғуы мүмкін. Бұл мөлшер қоянның қалыпты жүрек соғысымен бірдей. Ал жүрегі ең жиі соғатын жануарлардың бірі ретінде тышқан саналады. Оның жүрегі қалыпты жағдайда минутына 500 мәртеге дейін соғады. Алып жануар саналатын пілдің жүрегі болса, минутына бар болғаны 20 рет қана соғады.
Оқи отырыңыз:Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер
Жүректен айдалған қанның адам денесін аралап өтетін жолы – қан тамырларының жалпы ұзындығы қандай ұзақтықты құрайтынын білесіз бе? Оның ұзындығы – 100 мың шақырым шамалас. Қалыпты жағдайда адам бойындағы барлық қан көлемінің ширек бөлігі бұлшық еттерде, екінші ширегі – бүйректе, 15 пайызы – ішек қабырғаларында, 10 пайызы – бауырда, 8 пайызы – мида, 4 пайызы – жүректің көктамырында, қалған 13 пайызы – өкпе мен өзге де дене мүшелерінде болады. Адам денесінде күн сайын 25 грамм қан жаңарып отырады.
Жұлын
Тағы бір адам сенгісіз қызық мәлімет – жұлынмен байланысты. Адам денесіндегі жұлын атаулының бәрін қосқанда, бар болғаны 2600 грамды құраса да, ол шамамен алғанда ер адам 70 жас жасаса, бұл уақыт аралығында 650 келі эритроцит пен 1 тонна лейкоцит бөліп шығарады екен.
Адамның миы арқылы 1 минутта 740-750 миллилитр қан ағып өтеді. Мидың ең үлкен болатын шағы – адамның 20-29 жас аралығы. Әйелдерде – 15-19 жас. Осы жастан кейін күн сайын 30-50 мың жүйке жасушалары өліп отырады. Ми салмағы – адам денесінің салмағының 46-дан бір бөлігін құрайды. Ал пілде бұл көрсеткіш – 1/560.
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект деген не және оның адамзатқа қаупі қандай?
Сүйек пен бұлшық ет
Мектепте тәнтану пәнінде бізге “адам бойында 200-ден астам сүйек болады, бірақ есейе келе олар бірігіп, саны азаяды” деп оқытатын. Сүйектің санын нақты айтпайтын. Расымен де, ешкім, тіпті дәрігерлер де адам бойындағы сүйектің нақты есебін дәл басып айтып бере алмайды. Оның себептері бар.
- Біріншіден, әрбір адамдағы сүйек саны әртүрлі келеді. Адамдардың 20 пайызының дерлік омыртқаларында ауытқу болады. Әрбір жиырмасыншы адамда артық қабырға сүйек кездеседі. Қызығы, мұндай оқиға ер адамдарда әйелдерге қарағанда 3 есе жиі ұшырасады екен.
- Екіншіден, жас ұлғайған сайын сүйектер бір-бірімен жалғасып, бірігіп кететіні тағы бар. Мұндайда бірігіп кеткен сүйекті екеуге не біреуге санарын ғалымдардың өзі білмейді. Айталық, құйымшақ сегізкөзі 5 біріге өскен омыртқадан тұрады. Сонда бұл 5 сүйек пе, әлде жалғыз ба? Осындай келіспеушіліктер тумауы үшін де ғалымдар адам денесінде 200-ден аса сүйек бар деп долбарлы пікір айтады.
Ең ұзын сүйек – сан сүйегі. Әдетте оның ұзындығы адам бойының 27,5 пайызын құрайды. Сондықтан өзіңіздің бұл сүйегіңіздің ұзындығын білгіңіз келсе, оны математикалық жолмен оп-оңай есептеп алуыңызға болады. Ал ең қысқа сүйек – үзеңгі, бұл – ішкі құлақта болатын сүйектердің бірі, оның ұзындығы – 3-4 миллиметр ғана. Дәл осы сүйектің бұлшық еті – адам денесіндегі ең кішкентай бұлшық ет болып табылады.
Бұлшық еттің санын да ғалымдар сүйек секілді тап басып айта алмайды. Шамамен адам денесінде 400 бен 680-нің арасында бұлшық ет болады. Саны қанша болса да, ер адам бойындағы бұлшық еттің үлесі – 40 пайызды құраса, әйелдерде – 30 пайызды алады. Бірақ, қызығы, ірі денесіне қарамастан, адам бойында ең көп дегенде 700-ге жуық бұлшық ет болса, кіп-кішкентай шегірткеде 900-дей бұлшық ет бар екен, ал кейбір жұлдызқұрттарда бұлшық ет саны 4 мыңға дейін жетеді.
Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?